Жантану

Гуналар

Гуналар – фәни дүниедегі үш сипат, санскриттен аударғанда гуна – «жіп, сипат, қасиет» дегенді білдіреді. О баста Жаратушымыз бұл фәни дүниені жаратқанда өз кезегінде осы үш гуна да көрініс тапты. Сондықтан бүкіл фәни дүние және барша тіршілік иелері осы үш гунаның ықпалында. Жаратылыста үш гуна әрекет етеді: саттва-гуна (ізгілік гунасы), раджа-гуна (құмарлық, құлшыныс гунасы), тама-гуна(қараңғылық, надандық гунасы). Адамдар өздерінің барлық әрекеттерін өздері басқарамыз деп санайды және барлық шешімдерді өз еркіне сәйкес қабылдайды. Алайда, Бһагавад-Гита (3.5) бұлай емес екендігін, адам тек табиғаттың үш гунасы үстемдік ететін қуыршақ екендігін айтады: «Барша тірі жан өзіне фәни табиғат гуналары берген қасиеттерге сәйкес әрекет етуге мәжбүр; сондықтан ешкім бір сәт те белсенділіксіз  қала алмайды».

Үш гунаның ықпалы біздің рухани жан екендігімізді ұмыттырады. Табиғаттың үш гунасы таза күйінде де және бір-бірімен араласқан күйде де ықпал етеді. Жіп талшықтары бір-бірімен тығыз бұралып, араласып және неғұрлым көбірек араласып, бұралған сайын жіп соғұрлым мықты арқанға айналады. Осылайша, арқан өте берік болады. Сол сияқты, фәни табиғаттың үш гунасы – саттва, раджас және тамас араласуы нәтижесінде жанама өнім пайда болады. Содан кейін олар қайтадан араласады, және бұл бірнеше рет қайталанады. Нәтижесінде гуналардан тұратын бірнеше рет тоғысқан берік арқан пайда болады.

Осылайша, Майя (иллюзия) жеке тұлғаны мықтап шырмап тастайды. Ол өз күшімен өзін жалған елес немесе иллюзиялық қуаттың құлдығынан босата алмайды. Нәтижесінде, адам өзінің тіршілігін сақтау, тіршілік үшін күресу үшін көп жұмыс істеуге мәжбүр болады. Сонымен қатар, фәни өмірде адамды әрдайым неше түрлі қорқыныш билейді, өйткені ол келесіде не болатынын білмейді. Ақыр соңында, адамның барлық үміттері мен оның осы әлемдегі бақыт жоспарлары өліммен үзіледі. Саттва-гунадағы  адамның өмірі бақытты болып көрінуі мүмкін, бірақ ол өмір туралы «мен осы денемін» деген тұжырымдамамен шартталып қалады, сондықтан елеске айналады.

Ол өзін Джонмын – американдық, орта жастағы ер адам, адал күйеу, қамқор әке, ақылды, білімді және т.с.с деп санауы мүмкін, бірақ бұл критерийлердің бәрі фәни, өйткені олар дене мен ақыл деңгейінде. Ол өзінің жаны, Құдайдың мәңгілік құлы екендігі, дене немесе ақыл емес екенін әлі түсінген жоқ. Адам өзін денемен сәйкестендіргеннен бас тартпайынша, үш гунаның ықпалында болады және туылу, кәрілік, ауру және өліммен байланысты азапты бастан кешіреді. Раджас  пен тамастың ықпалында болғандар сансыз тілектерін қанағаттандыруға тырысады, ал тама-гунадағыларды ессіздік, жалқаулық және ұйқы басқарады.

Саттва-гунаның әсерінен адамдар күнделікті білім мен материалдық әл-ауқатты өмірдің нақты мақсаты деп санайды. Раджа-гунадағы адамдар үшін жалғыз шындық – жыныстық қатынас және дүние-мүлік жинау, ал тама-гунада ұйқы және мас болу. Сонымен, жеке тұлғаның таза рухани болмысы фәни дүниенің гуналары тудырған таза емес тілектермен ластанған болып саналады. Осылайша, адамның қалауына сәйкес, оның денесі саттвада, раджаста немесе тамаста немесе осы гуналардың тіркесімінде әрекет етеді, өйткені оның қалауы фәни болып табылады.

Оның тілектері де өзін фәни денемен сәйкестендірудің нәтижесі болып табылады. Сол тілектерін қанағаттандыру әдістері де фәни болып келеді. Ал адамның шынайы өмірі – бұл мәңгілікке, білім мен бақытқа (сат-чид-ананда) толы рухани өмір. Сондықтан осы үш гунаның ықпалынан шығуды қарастыру қажет. Тек Құдайға беріле құлшылық ету барысында ғана біз біртіндеп осы гуналардың ықпалынан шыға аламыз. Табиғаттың үш гунасы туралы Бһагавад-гитаның 14-тарауында түсіндіріледі.

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған