Жантану

Адам өмірінің ең биік мақсаты

            Егер біздің Құдаймен байланысымыз болса, онда барлық  нәрсе  жоғарғы мәнге ие болады. Өйткені Құдай – ең жоғарғы мән. Әдетте адамдар Құдайды емес, тек оның қуатын ғана көріп, сезінеді. Құдай тым ұлы, Оны көруге біздің көзіміз бейімделмеген. Адамның ақыл-ойы да Оның болмысын түйсіне алмайды. Құдай адамның түсінігінен анағұрлым жоғары. Бхагавад-гитада  Жаратушымыз әсем меруерт алқаның жібек жіпке тізіліп тұрғаны сияқты, Ол да бүкіл жаратылысты солай ұстап тұрғандығын айтады.

            Адам қоршаған ортаның көркемдігін көріп, түйсінеді. Осы әдемілік бәріміздің назарымызды тартып, баурайды, алайда осыны жасап тұрған күшті – Құдайды жасырып тұрады.  Дегенмен сананың қабілеті ақыл-ойдың қабілетінен әлдеқайды жоғары. Ол бүкіл құбылысты қамти алады. «Мен қайда тұрамын? Мына ауылда ма, әлде мына аумақта ма, осы елде ме, планетада ма, болмаса осы Ғаламда ма? Бәлкім тағы бір басқа жерде болар?» Бұл саналы адамның қоятын сұрақтары. Осылайша сана алқаның жібі бар екендігін меңзеп тұр.

            Мәселен, адам жерден шыққан бидайды ас қылып жейді. Оған күш бітеді, сондай-ақ  ақыл мен сезімдерге күш беріледі.  Дәнде бұл қуат  қайдан пайда болды? Жаңбырдан ба? Жаңбырдың өзі   бұлттан, бұлт су мен желден пайда болды. Сондай-ақ мұның бәрі күннің әсерінсіз  жүзеге аспайтыны түсінікті. Күн қуатының көзі – оның қойнауында жүріп жатқан ядролық процесстер екендігі белгілі.

            Дегенмен де,  әр атомның ішіндегі атомдық қуатты ұстап тұрған күш  бәрінен де жоғары. Сол күштің әсерімен материя бізге әртүрлі сипатпен көрінеді: ауа, жер , су, от, бұлт және дән ретінде. Бұл ұйымдастырушы күш –  Құдай. Адам баласы Одан күшті бола алмайды. Өйткені, ол да өз күшін осы күштен алады. Осы тұрғыдан алсақ, адам Құдайға бағынышты, бірақ оның таңдау еркі бар: ол өз қалауы бойынша соны пайдалана алады.

            Осы заңға сәйкес адам өз қуатын мына үш бағытта пайдалануға хұқылы: қиратуға, өз пайдасына және баршаның қамы үшін әрекет етуге. Күн барша дүниеге бірдей сәулесін шашады, ал біз көбіне өзімізді ғана ойлаймыз.

            Бірде қарақшылар тобының батыл да күшті басшысы болыпты. Ол қарамағындағыларға қару  қолдану мен жұдырықтасуды үйретеді. Үйрету тәлімі жақсы жүріп жатады. Бірақ  бір күні кезекті  тонаудан соң қарақшылар басшыларының табыстың қомақты бөлшегін өзіне алып отыратындығын түсінеді. Басқаша айтқанда, өз  халқын тонап отырған. Ақыр соңында қарақшылар оны бас салып, өлердей қылып ұрып-соғып сабап, түгін қалдырмай тонап алады. Тағдырына налыған қарақшылар көсемі орманда қалып қояды.

            Бір күні ол сол маңда өмір сүретін дәруішпен кездеседі. Қарақшы оған басынан өткізген бар оқиғаны айтып береді. «Олар мені өзім үйреткен тәсілдермен ұрып-соқты, өзімді тонап кетті, ал мен болсам олардың қамын ойлаушы едім. Сен дана адамсың ғой, айтшы, неге солай болып шықты?». Дәруіш оған былай деп жауап берді: «Біз жұртты неге үйретсек, қайтарымы сондай болады. Сен оларды көре алмаушылық  пен озбырлыққа үйреттің, олар саған соны қайтарды. Егер сен оларды сүйіспеншілікке баулыған болсаң, сол сүйіспеншілік сені сақтаған болар еді. Ал енді сен бұдан қандай әділетсіздік көріп тұрсың?». Байқұс қарақшы мынаны естігенде жасаған кінәсін түсініп, жылап қоя беріпті.

            Махабхаратада айтылғандай, жолбарыстар орманды қорғаса, орман жолбарыстарды қорғайды.  Егер адам қоршаған айналасына зиянкестік пен күйзеліс әкелсе, ертең бұл орта оның көзін жояды. Адамдар қазір ауа мен суды ластап жатыр. Бұдан олардың денсаулығы қалай жақсы болсын?

            Өз қара басының пайдасы үшін ғана өмір сүретіндердің айналасында да өзімшілдер мен алаяқ алдамшылар жүреді. Ал кімде-кім  баршаның қамын ойлап, Құдай жолында қызмет жасаса, оны Құдай Тағаланың Өзі қорғайды. Сондықтан да Бһагавад-гитада айтылғандай: жақсылық жасаушыны еш жамандық жеңе алмайды.

            Кейде адамдар былайша ойлайды: «Неге менің айналамда алдамшы алаяқтар көп? Тіпті достарым мен туыстарымның өздері мені алдайды?». Ол мұндай  жағдайға қалай тап болды? Өйткені қоршаған орта оған Құдай жасаған заңдарға сәйкес оның әрекеттері мен тілектеріне жауап беріп отыр.  Мен мектепте оқып жүргенде бізге былай деуші еді: «Адам – мақтанышпен айтылатын ұлағатты ұғым!». Немесе былай дейтін: «Сендердің өз пікірлерің болуы қажет!». Ал осыдан соң ұстаздарымыз бастары қатып: «Неге балалар тіл алмайды! Қашан болса өзімізбен сөз таластырып, тіптен төбелеске дейін барады!» деп аң-таң қалатын.

            Иә, бәрі де ұрыс-қырқысқа дайын. Коммунистер мен капиталистер, фашистер мен шовинистер. Олардың әрқайсысы өз дегенін болдырғысы келеді. Тіпті өз дегендерін жүргізу үшін өмірлерін қиюға дейін барады. Неге бұлай?   

Александр Хакимов

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған